ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУДІҢ ЖАҢА ҚАҒИДАСЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №281 Бұйрығымен бекітілген Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларына сәйкес МСАК ұйымдарына азаматтарды бекіту медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы бойынша басқа әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасқан жақын жердегі МСАК ұйымына бекітілетін шекаралас аумақтарда тұратын азаматтарды қоспағанда, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады.
Бекітілген халықты аумақтық қызмет көрсету аймағы шегінде учаскелер бойынша үлестіру емхананың басшысымен бекітіледі. Емхананың аумақтық қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұратын адамдарды тіркеген кезде үйде медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі алдын ала келісіледі және бекіту анықтамасында (талонында) көрсетіледі. Азамат МСАК ұйымының біреуіне ғана бекітіледі.Азаматтарды МСАК ұйымдарына бекіту ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде азаматтарға медициналық көмек көрсету бойынша МСАК ұйымдарының міндеттемелерін тіркеу болып табылады және мынадай қағидаттарда жүзеге асырылады:
- медициналық көмекке аумақтық қолжетімділік;
- МСАК ұйымдарын еркін таңдау;
- МСАК мамандарын еркін таңдау (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт, учаскелік педиатр);
- отбасылық қызмет көрсету;
- пациенттің медициналық көмек сапасына қанағаттанушылығы;
- меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан МСАК ұйымдарының тең құқығы және адал бәсекелестігі.
МСАК ұйымдарына азаматтарды бекітуді өзгерту:
- тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін және оқитын жері әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге өзгерген кезде;
- МСАК ұйымы қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда;
- азамат дәрігер мен медициналық ұйымды жылына бір реттен жиі емес еркін таңдаған кезде;
- жыл сайын 15 қыркүйектен бастап 15 қараша аралығында халықты МСАК ұйымдарына бекіту науқаны кезеңінде (бұдан әрі – Науқан) жүзеге асырылады.
Емханаға тіркелу «элетрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Веб-портал арқылы жүгінген кезде, жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді қызмет көрсетуші (емхана) «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Азаматтың ЭЦҚ болған жағдайда, ол электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы тіркеле алады.
Медициналық ұйымға бекітілу талоны азаматтың МСАК ұйымына бекітілгені туралы куәландыратын құжат болып табылады. Бекітілу талонын медициналық ұйымның медициналық тіркеушісі береді.
Веб-портал арқылы жүгінген кезде, бекіту туралы хабарлама қызмет көрсетушінің (МСАК ұйымының) электронды цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат түрінде беріледі.
Азаматтар тікелей жүгінген кезде оларды МСАК ұйымдарына бекіткен кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымдарынан есептен шығару «Бекітілген халық тіркелімі» порталының дерекқоры арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсеткен кезде отбасы мүшелерінің біреуінің жазбаша келісімі болған кезде еркін нысандағы өтінішінің негізінде отбасы мүшелерін бекітуге жол беріледі.
Егер пациент басқа елді мекенге кеткен болса (іссапарға, қонаққа және т.б.) немесе ауырып қалса, онда ол тұрғылықты жері бойынша жақындағы медициналық ұйымға жедел медициналық көмекке жүгіне алады немесе жедел медициналық жәрдем бригадасын шақыра алады.