Қызылша туралы білеміз бе?
Қызылша бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100% - ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды. Қызылшаның белгілері: Аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский-Филатов-Коплик ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді Инкубациялық кезең - жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін.
Есте сақтау керек: ауру бөртпе пайда болып басталмайды, суық тию белгілері сияқты басталады - дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу. Соңынан коньюнктивит - көзі қызарып қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Аурудың себептері: Берілу жолы - ауа-тамшы арқылы. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі. Инфекция көзі - төртінші күн бөртіп ауырып жүрген адам.
Алдын алу. Қызылшаның алдын алуда тиімді де сенімді шаралардың бірі - егілу. Қызылшадан егілу сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Қызылша пайда болса, ауырған адам болған инфекция ошағында, ұжымда эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі. Инфекция ошағында күн сайын аурумен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеріп, термометрия жүргізеді. Жұқтырған адамдар болса дереу оқшаулайды. Вакциналар. Қазіргі таңда қызылша ауруымен күрес және алдын алу, осы аурудың асқынуынан сақтану ол - вакцинация екенін ұмытпаған жөн. Қызылшадан вакцинация арқылы қорғануға болады. Қызылша, қызамыққа және шошқа мойынға (ҚҚП) қарсы екпе бұл аурулардан сақтайды! Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылша ауруына 1 және 6 жас аралығында екі реттік вакцинация жүр гізіледі.
Құрметті ата-аналар! Қызылшаға қарсы вакцинация Сізді және Сіздің балаларыңызды аурудан қорғайды және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болып табылады.
Шаттық БІТІМБАЕВА,
№2 ЖҚЕ эпидемиологы.