Өмірі – өнеге
Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған кезде шипа іздеп алдарына баратын дәрігерлер қауымына деген дүйім жұртшылықтың ықыласы ерекше. Адам жанынан артық қазына жоқ демекші, сол қазынамызды - жақындарымыз бен өзіміздің ғұмырымыздың ешбір аурусыз өтуіне де көмек беретін ақ халатты абзал жандар. Әсіресе, бауыр еті баламыздың табанына қадалған шөңге маңдайымызға қадалсын деп отыратын көпшілік, кеңесші педиатрлардың алдына жиі барады.
Жаңаөзен қаласы мен Теңге, Рахат ауылдарынан да ем іздеп келген ана мен балаға кеңес беретін кәсіби маманның бірі - №2 Жаңаөзен қалалық емханасының дәрігері кеңесші-педиатр Ақылды Белдібайқызы Менгисеева. Бүгінде қырық жылға жуық уақыт ғұмырын медицина саласына арнаған Ақылды апайдың алдынан өткен жұрттың өзі бір қауым. Кеше өзі бала болып келгендер, енді өздері балаларын ертіп, дәрігер кеңесінен ем іздеп келуде. Түркменстан Республикасында 1961 жылы өмірге келген Ақылды Белдібайқызы мектеп қабырғасынан-ақ ертеңгі ересек өмірінде өзін ақ халатпен елестететін. Айқын мақсатына қол жеткізгісі келген оқушы жас түлек атанысымен медициналық училищеге оқуға түседі. Үш жылғы оқуын тәмамдаған жас медбике біраз уақыт жұмыс істеп, біліктілігін арттырады. Сол кезеңнің өзінде айналасындағы адамдарға ақыл-кеңесін айта жүріп, дерттен шипа тапқандарын көріп, өзінің ісінің ақтығына бірнеше мәрте көз жеткізеді. Бірде дос қызы қатты ауырып қалған сәтте, Ақылды апай алғашқылардың қатарында көмек қолын созып, құрбысын аяғына тік қояды. Осының барлығы бала күнгі арманымен астасып, өзінің арманына толық қол жеткізбегендігін түсініп, Түркменстан Республикасының мемлекеттік медицина университетіне оқуға түседі. Алты жыл оқуын оқып, педиатр-дәрігер мамандығын игеріп шығады. Содан бері сүйікті мамандығының - балалар дәрігері, жалпы практика дәрігері, қазіргі кеңесші педиатр деп атауы өзгеріп тұрғанымен, Гиппократ антын қабылдаған сәттегі негізгі түп мақсатын өзгертпей, көптің игілігіне еңбек етіп келеді. Ол ем іздеген сырқатқа көмек қолын созып, дауасын айту. Күн сайын алдыма көптеген ата-аналар келеді. Олардың әрқайсысы балалары үшін жүректері сыздап, солардың сырқатына дәрі сұрайды. Солардың әрқайсысын мұқият тыңдап, әрқайсысына жіті көңіл бөлуім, дұрыс ем-дом жасау менің ең негізгі жұмысым, - дейді Ақылды апай.
Таңның
атысынан кештің батысына дейін алдына ағылған жұртшылықтың әрқайсысына тиісті
көңіл бөліп, қазіргі замана талабы сандық медицинаны да естен шығармай сапалы
қызмет ету біздің кейіпкеріміздің күнделікті жұмысы. Еңбек жолымен қатар,
отбасын сүйреген кейіпкеріміз «Алтын алқалы» ана. Медициналық білімін шыңдай
жүріп, жолдасы Оразбай Менгисеев екеуі жеті бірдей бала өсіріп, ұлын ұяға,
қызын қияға қондырған. Отағасы Алматы қаласындағы дене шынықтыру мамандығын
тәмамдаған, ұзақ жылдар мектепте еңбек еткен тәжірибелі ұстаз. Ерболат, Майгүл,
Сандуғаш, Сайрагүл, Жанар, Нұрболат, Айболат есімді ұл-қыздың ата-анасы бүгінде
4 немере, 10 жиеннің сүйікті ата-әжесі. Ақылды апай әзілдеп, үлкенім отыз
екіде, кішкентайым он алтыда дейді. - 1999 жылы Отанымызға оралдық. Елімізге
келгенімізге қазіргі күнге дейін қуанамыз. Балалардың кенжесі осында өмірге
келді, нағыз маңғыстаулық азамат, - дейді. Қызметі мен отбасын қатар алып
жүрген ақ халатты абзал жан, ақ жүректі әже бүгіннің биігінен өткеніне көз
тастап, кәсіп таңдауда жаңылмағандығын қуанышпен айтады. Ақылды апайдың
айтуынша, әр адамның бақытты болуы үшін ең бастысы Отаны аман, балалары сау
болса, айналасы бүтін болса болғаны.
- Бүгінгі балалар да бақытты. Айтқандарының, қалағандарының бәрі болады. Менің «аталарыңмен хат жазысқанбыз» дегеніме, телефондарың болмады ма деп таң қалады. Үзіліс арасында үйімізге жүгіріп барып, нанға сары май жағып жеп қайтатынбыз десе, «қойыңызшы, қалай үлгергенсіздер?» деп тағы таң қалады. Шүкір, бүгінгі таңда ештеңеден таршылық жоқ, балаларымыз емін-еркін өсіп келе жатыр, - дейді өз өткеніне көз жүгіртіп. Өмір - өнеге дейміз-ау, айналамыздағы адамдардың ғұмырынан өнеге алып, жақсылығын бойымызға сіңіре білсек қана тәлімі мол болмақ. Ал, тұтас ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған тұлғаның ғұмыры сөзсіз - өнеге.