МӘМС - міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылғаны белгілі. Жүйе бойынша мемлекеттік жеңілдікке ие азаматтардан бөлек әрбір азамат МӘМС-ке жарна төлеуі міндетті. Яғни айлығыңыздың белгілі бір мөлшерін мемлекетке өзіңізді медициналық сақтандыру үшін төлейсіз. МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдардың медициналық қызметтерді тең алуына мүмкіндік береді.
Бүгінге дейін тұрғындар«МӘМС»немесе «ОСМС» деген ұғымдарды көп естігенімен, оның не екенін жете білетіндер аз. «Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мәні не, ол өзі тиімді ме, оны қалай пайдалануға болады?», «Не үшін МӘМС-ке өтуім керек?», «Бұл жүйеге тіркелмесем емхана не аурухана қабылдай ма?» - деген сұрақтар көпшілікті толғандырады.
Айта кетейік, МӘМС – бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Бұл арқылы азаматтар оған дейін ақылы болған бірқатар медицина көмегін тегін ала алады. Мысалы, кардиолог, эндокринолог, невропатолог, гинекологсияқты тар бейінді мамандар қарауына жазыла алады; дәрумен мөлшерін, қатерлі ісік жасушалары бар-жоғын анықтайтын анализ тапсырып, ПТР, КТ және МРТ тексерістерінен өте алады.
ҚР Конституциясына сай әр азамат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (ТМККК) пайдалануға құқылы. Бірақ іс жүзінде ТМККК азаматтардың барлық қажетін өтей алмайды. Олар үнемі тексеріс пен еміне қосымша қаражат төлеуге мәжбүр болатын. Жаңа жүйе іске қосылғалы жағдай өзгерді.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі барлық азаматтарға жұмыс істеуі үшін, үш негізгі шартты білу қажет: жүйелілік, уақыттылық пен міндеттілік. Әсіресе, бұл жалдамалы қызметкерлер үшін маңызды.
Тағы бір айта кетерлік мәселе – бұл халық арасындағы «МӘМС – салықтың бір түрі» деген жансақ әңгімелер шындыққа жанаспайды. ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңының 484-бабына сәйкес МӘМС салық объектісіне жатпайды. МӘМС – ай сайынғы айлықтан алынатын жарна, ол салық түріне жатпайды. Себебі МӘМС-ті мемлекеттік жеңілдікке ие болған азаматтар төлемейді, олар үшін мемлекет төлейді. Ал осы санатқа жатпайтын азаматтар ҚР міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңына сәйкес МӘМС-ке жарна төлеуі міндетті. Әрбір адам жарна төлеу арқылы мемлекеттің азаматтарға арналған кеңейтілген медициналық мүмкіндіктерін ала алады.
Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау кодексінің 196-бабына сәйкес мемлекет тарапынан әрбір азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қарастырылған.
Заңға сәйкес азаматтар ТМККК бойынша алғашқы медициналық санитарлық көмекті ала алады. Сонымен қатар әрбір азамат ТМККК шеңберінде әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу үшін мемлекеттк емхананың көмегіне МӘМС-сіз жүгіне алады.
Ж.И.Бисембаева
№2 ЖҚЕ директорының
аудит бойынша орынбасары