Туберкулезбен күрес
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша дүние жүзінде жыл сайын наурыздың 24-і туберкулезбен күрес күні атап өтілуде. Туберкулез - адам ағзасына туберкулез таяқшаларының енуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Бұл дерт әдетте өкпені зақымдайды, алайда сүйек, буын, ми, ми қабықшасы, бүйрек , жыныс ағзалары, көз, ішек және басқа ағзалардың шалдыққан кездері де кездеседі. Туберкулезбен ауырғандардың 75%-ы – 25-45 жас аралығындағы еңбекке жарамды және балалы болатын жастағылар. Бүгінде туберкулез ге шалдыққандардың басым көпшілігін аурудан толық айықтыруға болатыны дәлелденген. Егер ауруды анықтау, емдеу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып, үзіліссіз жүргізілсе бұл ауру толық жазылады. Туберкулез қалай жұғады? Туберкулез таяқшалары ауа арқылы тарап, оны жұқтырып алған адамдардың өкпесінде өсіп жетіліп, көбейеді. Алғашқы өкпе тіні қабынып, ыдырайды да орында қуыстар пайда болады. Осында қуыстарда сақталған миллиондаған таяқшалары ауру адам сөйлегенде, түшкіргенде ортаға шашырап тарайды. Туберкулез таяқшасы ауада ұзақ уақыт нашар желденетін орында болса, сол жердің ауасына көп тарап, басқа адамдардың тыныс ағзасына түседі. Туберкулез кез келген адамға жұғуы мүмкін, әсіресе балалар мен егде жастағылар үшін қауіпті. Туберкулез ауруы қалай басталады? Бүгінде туберкулезбен ауырғандардың 50% кешігіп анықталуда, ал олардың 10% ауыруын өте асқындырып алғандар, арасында ауруы жазылмайтын түрге өтіп кеткендер кездеседі. Өкпе тіні – туберкулез таяқшаларының өсіп жетілуіне ең қолайлы орта. Алғашқыда өкпе қабынып, онда туберкулез бұдырлары пайда болып, іріңдейді де, ірің қақырық түрінде кеңірдек, қолқа арқылы сыртқа бөлініп шығады Туберкулез – баяу дамитын, ұзаққа созылатын ауру. Бірақ оның жылдам басталатын түрі де бар. Туберкулезді дер кезінде анықтап, дұрыс емдесе, ауруды бастапқы кезде тоқтатуға, өкпені және басқа ағзаларды үлкен көлемде қабынып бүлінуден сақтап қалуға болады. Туберкулез белгілері: Жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұстың ауруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілетінің төмендеуі. Бұл белгілердің бәрі үдеп күшейе түссе, науқастың қан түкіруі мүмкін. Жөтел туберкулезге тән ең алғашқы белгінің бірі. Егер жөтел 2 аптадан артыққа созылса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексерілуі керек. Туберкулезді анықтаудың ең тиімді, сенімді тәсілдері: қақырықтан туберкулез таяқшасын микроскоп арқылы анықтау, рентген, яғни рентгенография, флюрографиялық әдіс, балалармен жасөспірімдерге туберкулин сынағын, яғни Манту сынағын қою, Туберкулез дер кезінде анықталса ем нәтижелі болады.