МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Ол Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылы іске қосылды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, содан бері денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың нәтижесінде қаламызға бірнеше заманауи құрал-жабдықтар алынып, осы бағыттағы көрсетілетін қызметтер көлемі ұлғайды. Озық технологиялы аппараттарға түсіп, күрделі ота жасатуда сақтандырудың пайдасы зор дейді мамандар.
Жаңаөзен қалалық денсаулық сақтау ісінің үйлестірушісі медициналық сақтандыру арқылы 78 аталымдағы дәрінің 584 түрін тегін беру қарастырылған дейді. Дегенмен ол арнайы белгіленген науқастарға ғана беріледі. Бір айта кетерлігі, осы тегін берілетін дәрі-дәрмек қатары жылма-жыл көбеюде. Тұрғындар да сақтандыру арқылы қажетті анализ талдамаларын тапсырып, дәрілерін алатындарын айтты.
Егер емханаға тіркелуші сақтандыру қорына жарна аудармаған болса, ол дәрігерлерге арнайы жүйе арқылы көрініп тұрады. Сондықтан өз денсаулығына мән беретін әрбір адам міндетті түрде сақтандырылуы тиіс. Ал жұмыссыз болса жұмыспен қамту орталығына барып, дәрежесін анықтауы керек. Сол кезде жарна мемлекет тарапынан төленетін болады.