ҚАЛА АКТИВІ РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТТІ
Бүгін қала әкімі Мақсат Ибағаров бастаған топ №2 емханадан ревакцинациядан өтті. Қала активі осыдан 6 ай бұрын коронавирусқа қарсы екпенің 1-ші, 2-ші кезеңдерін қабылдаған болатын. Айтуларынша, уақытымен вакцина алудың жұқпалы вирустан қорғануда маңызы зор. Екпенің ешқандай кері әсері байқалмаған.
Қаламызда 46 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны алған. Мамандардың айтуынша, соңғы тәулікте 360-тан астам тұрғын екпе салдырыпты. Вакцинаны алушылардың легі күн санап көбейіп отыр дейді дәрігерлер.
Қазіргі кезде провизорлық стационарда 13 науқас ем қабылдауда. Оның 11-і оң, екеуі теріс нәтиже көрсеткен. Мамандардың сөзінше, бүгінде жағдайлары орташа деңгейде. Тек біреуінің хәлі ауыр дейді. Індетке қарсы Пфайзер вакцинациясы жасөспірімдерге, аяғы ауыр әйелдер мен 60-жастан асқан жандарға салынуда. Бүгінде тұрғындар екпенің маңыздылығын түсініп, оны алуға ниет білдірушілер қатары көбейген. Дегенмен, әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды дейді мамандар.
Медицина мамандарының сөзінше, бұған дейін екі компенентті салдырған адамның ағзасында ковидке қарсы антиденелер қалыптасады. Екпеден кейін қалыптасқан иммунитет арада бірнеше уақыт өткеннен кейін төмендей бастайды. Ал, ревакцинация бұрынғы екпелердің күшін қайта жандандыра түседі.
Екпе егу орталықтары қазіргі таңда барлық емханаларда таңертең сағат 8:00 ден, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар, арнайы мобильдік топтар да құрылған. Олар үйде ем қабылдап жатқан науқасқа барып күнделікті денсаулығын тексереді. Осындай деңгейдегі емделушілердің саны бүгінде 70-ке жеткен. Сондықтан, дәрігерлер тұрғындарға тамағыңыз ауырып, жөтел болса өздігінен ем қабылдамай дер кезінде мамандар тексеруінен өту керектігін ескертеді.