ЗАМАНАУИ ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫҢ ЗАЛАЛЫ КӨП
Заманауи құрылғылардың адам денсаулығына зияны көп. Ересектердің өзіне әжептәуір залал келтіретін гаджеттер балаларға қалай әсер етеді? Санасы ақ қағаздай тап-таза бүлдіршіндердің миын улайтыны аздай, дамуын тежейтінін дәрігерлер айтып әлек. Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде балалар арасында уақытылы сөйлемеу, аутизм, гипербелсенділік секілді аурулардың арғы жағында ұялы телефонды асыра пайдалану жатыр. Оны көп қолдану тәуелділікке алып келеді. Гаджеттерге үңілген бала айналада не болып жатқанынан бейхабар болатыны сөзсіз. Сондықтан сәбилерге 3 жастан кейін және күніне 20-25 минут қана телефон беруге болады дейді №2 Жаңаөзен қалалық емхана психологы Айсұлу Нұрдәулетова.