ЖАҢАӨЗЕНГЕ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНАН БІЛІКТІ МАМАНДАР КЕЛДІ
Жаңаөзенге Маңғыстау облыстық көп бейінді ауруханасынан штаттан тыс арнайы мамандар келді. Кардиолог, функционалист дәрігерлер диспансерлік есепте тұрған созылмалы аурулары бар науқастарды қабылдады. Мақсат – жүрек ауруларын асқындырмай, алдын алу. Ота қажет деп табылған науқастарға облыс орталығына барып, операция жасатуға кеңес берілді. Жаңаөзен көп бейінді қалалық ауруханасының ғимаратында өткен қабылдауға тұрғындар көп жиналды.
Білікті мамандардың қаламызға келіп, тексеру жүргізуін жұртшылық құптады. Ақтаулық дәрігерлер ультрадыбысты зерттеу және электрокардиограммаға қарап кеңестерін айтты. Заманауи құрылғылар жүздеген адамның диагнозын дұрыс қоюға септігін тигізді.
Жаңаөзен қалалық денсаулық сақтау ісінің үйлестірушісі Сәнім Танаеваның айтуынша, биыл қолданысқа берілген орталық ауруханада сапалы тексеріс жүргізуге барлық жағдай жасалған.
- Қалалық көп бейінді ауруханамыз озық технологиялы аппараттармен қамтылған. Бұл дәрігерлеріміздің жұмыс жасауына көп көмегін тигізіп, жылдам әрі жоғары сапалы медициналық көмек көрсетулеріне жол ашты. Халық денсаулығын жақсарту үшін Жаңаөзенге білікті мамандарды тартуды алда жалғастыратын боламыз, - деді.
Қабылдау нәтижесінде барлығы 107 адам қаралды. Оның 35-не каранографияға жолдама берілді. 43 науқастың жүрек-қантамырларына ультрадыбысты зерттеу жасалды. Сондай-ақ, 93 адамның жүрегіне ультрадыбысты зерттеу жүргізілді.